Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың облыс әкімдігінде Ақсоран кенорнында вольфрам-молибден кендерін өндіру жобасын іске асыру бойынша «Есіл Mining» ЖШС басшылығымен кездесуі өтті

Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаевтың облыс әкімдігінде Ақсоран кенорнында вольфрам-молибден кендерін өндіру жобасын іске асыру бойынша «Есіл Mining» ЖШС басшылығымен кездесуі өтті

«Есіл Mining» ЖШС директоры Қуанышқан Қалиев кеңесте жоба туралы баяндама жасады. Ақсоран кенорны Ақмола облысының 37% және Солтүстік Қазақстан облысының 63% екі облыстың түйіскен жерінде орналасқан. Бұл жобаның инвестициялық сомасы шамамен 115-120 млн. долларды құрайды. Жылдық  өнім – 4500-4800 тонна. Кәсіпорында шамамен 1 500 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда, Сандықтау ауданы мен Шаңтөбе қаласынан тартылатын қызметкерлердің тізімі жасақталуда. Инвесторлар электр желілерін тартып, Ақсоран кенорнынан Михайловка ауылына дейін 20 км жол салуды жоспарлап отыр.

Қуанышқан Қалиев Ақмола облысының әкіміне өндірістік учаскені электрмен жабдықтау және жол салу мәселесімен өтініш білдірді.

«Әрине, бұл болашақтың жобасы. Қазір өңірлерге инвестицияларды тартуға көп көңіл бөлінуде. Тағы бір мәселе – жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджетке салық түсімдерінің артуы. Біз, өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп атап өтті Е.Маржықпаев.

Өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында бейінді басқармаларға және Сандықтау ауданының әкімдігіне қойылған мәселелерді шешуді тапсырды.