«Білім-инновация» лицейі түлектері қауымдастығының президенті Әрсен Жаңабеков және KATEV Халықаралық қорының президенті Дархан Өте облыс әкімін өз қызметімен таныстырды.
Ер балаларға арналған қазақ-түрік лицейі республикада бірінші болып Көкшетау қаласында 1992 жылдан бастап ашылған болатын. Бүгінгі таңда, «Білім-инновация» лицей-интернатында 220 оқушы оқиды, оның ішінде аудан орталықтарынан – 40 оқушы. Ақмола облысының аумағы үлкен болғандықтан, қонақтар өңір басшысынан Бурабай ауданында 500 адамға арналған қыздар мен ұлдарға интернат ашуға көмектесуді сұрады. «Білім-инновация» Халықаралық қоғамдық қорының желісі бойынша қазіргі заманғы оқыту бағдарламаларын енгізу, оқушыларды республикалық, халықаралық білім беру олимпиадаларына дайындау үшін үздік мұғалімдерді шақыру көзделеді. Дархан Өте өз кезегінде рекрутингті, қосымша төлемдерді және педагогтардың біліктілігін арттыруды KATEV қоры өз мойнына алатынын мәлімдеді.
«Бұл ұсыныс оқушыларымыздың сапалы білім деңгейін арттыратыны сөзсіз», - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.
Өңір басшысы білім басқармасына KATEV қорымен бірлесіп жол картасын әзірлеуді және білім беру ұйымын құру туралы қолданыстағы заңнама аясында ұсыныстар дайындауды тапсырды.