
Зерендада бесінші халықаралық ZERENDA HALF MARATHON өтіп, оған 1500-ге жуық қатысушы жиналды. Жарыстың халықаралық мәртебесі оның маңызын арттыра түсті. Жүгіру World Athletics сертификаттаған, халықаралық стандарттарға сай және қашықтықтың дәлдігін қамтамасыз ететін трассаларда өтті. Сөреге Қазақстан, Ресей, Германия, Польша, Италия, Словения, Венгрия, Ұлыбритания, АҚШ, Беларусь және Өзбекстаннан келген кәсіби спортшылар мен белсенді өмір салтын ұстанатын әуесқойлар шықты.
ZERENDA HALF MARATHON жарысының басты ерекшелігі – Зеренда көлінің айналасындағы асфальтталған жолдармен, орман мен төбелер арасынан өтетін көркем трасса. Қатысушылар спорттық шеберліктерін сынап қана қоймай, өңірдің көрікті табиғатын тамашалауға мүмкіндік алды.
«Бес жыл ішінде бұл марафон жақсы спорттық дәстүрге айналды. Жыл сайын қатысушылар мен қонақтардың саны артып келеді. Біз үшін осындай іс-шараларды дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және адамдарды спортқа тарту маңызды», – деді марафон қатысушыларын құттықтаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.
Марафон аясында балалар жарысынан бастап, жартылай марафон мен 30 шақырымдық қашықтыққа дейінгі алты бағыт бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Бағдарламаның тағы бір бөлігі скандинавиялық жүрісті ұнататындарды біріктірген Nordic Walk 10 km қашықтығы болды.
ZERENDA HALF MARATHON жарысын «Экстремальная атлетика» қоғамдық бірлестігі, Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы және Зеренді ауданының әкімдігі ұйымдастырды.