
Көкшетауда Қарттар күніне орай облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері қала тұрғындарына 200 тоннадан астам жаңа өнім ұсынды. Сауда 50 павильонда орналасқан 100 сауда орнында ұйымдастырылды.
Сөрелерде сатып алушылар арасында сұранысқа ие өнімдердің түр-түрі ұсынылды. Атап айтқанда, 50 тоннаға жуық ет өнімдері, 20 тонна сүт өнімдері, сондай-ақ шамамен 40 тонна көкөніс пен картоп әкелінді. Сонымен қатар жәрмеңкеден балық, жұмыртқа, ұн, жарма, өсімдік майы, маусымдық өнімдер мен көшеттерді сатып алуға болады.
«Жәрмеңкеге облыстың он ауданынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысып отыр. Тұрғындардың ұсынылған өнімдерге қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Мұндай жәрмеңкелер ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін игі дәстүрге, ал тұрғындар үшін қажетті өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беретін шараға айналды», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Жәрмеңке қазан айы бойы өтетін Қарттар күніне арналған айлық аясындағы іс-шаралардың бірі болды. Осы кезеңде өңірде аға буын өкілдерін қолдауға бағытталған бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған.
Тұрақтандыру қорындағы өнімдерге де сұраныс жоғары. Қала тұрғындарына сиыр еті, қант, күріш, бірінші сұрыпты ұн, тұз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, сондай-ақ картоп пен сәбіз нарықтағы бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен ұсынылды.
«Жәрмеңке өткен сайын осында келіп, қажетті азық-түліктерімді сатып аламын. Бүгін Зеренді ауданынан әкелінген жылқы етін алдым. Еті жаңа екені бірден көрініп тұр, бағасы да қолжетімді. Мұндай жәрмеңкелер тұрғындар үшін өте пайдалы. Сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуға болады. Жолдасым екеуміз бірге келгенді жақсы көреміз – әрі қажетті заттарымызды аламыз, әрі көңіл-күйіміз көтеріледі», – дейді қала тұрғыны Салима Сахаева.