Ақмола облысының әкімі мен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы Біржан сал ауданында 1,2 млрд теңгеге жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды

Ақмола облысының әкімі мен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы Біржан сал ауданында 1,2 млрд теңгеге жобаларды іске асыру туралы меморандумға қол қойды

Біржан сал ауданының Степняк қаласында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға шамамен 1,2 млрд теңге бағытталады. Тиісті ынтымақтастық туралы меморандумға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов қол қойды.

Қаражат қаланың инфрақұрылымын жаңартуға бағытталады. Степняк қаласында шамамен 2 шақырым көше-жол желісін жөндеу, 27 көппәтерлі тұрғын үйдің аумағы мен қалалық саябақты абаттандыру жоспарлануда. Сонымен қатар екі көпфункционалды балалар алаңы орнатылып, мемориалдық кешен мен аудандық Мәдениет үйінің қасбеті жөнделеді.

«Семізбай-U» ЖШС — Біржан сал ауданындағы негізгі кәсіпорындардың бірі. Мұнда 400-ге жуық маман еңбек етеді, олардың басым бөлігі — жергілікті тұрғындар. Сондықтан бизнестің аумақты дамытуға қатысуы — халыққа қолайлы жағдай жасауға қосылған нақты үлес. Бүгінде біз тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін жобалар туралы айтып отырмыз. Бұл — жолдарды жөндеу, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жаңарту. Степняк үшін бұл ауқымды жұмыс. Біз осындай әріптестікті одан әрі дамытып, тұрғындар үшін маңызды жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отырмыз», — деді Марат Ахметжанов.

«Семізбай-U» ЖШС — уран өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың бірі әрі өңірдегі маңызды салық төлеушілердің қатарында. Компания заманауи технологияларды қолдана отырып, өнеркәсіптік қауіпсіздік пен қоршаған ортаны қорғау талаптарына ерекше мән береді. Сонымен қатар кәсіпорын Біржан сал ауданындағы әлеуметтік бастамаларға қатысып, халыққа және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетіп келеді.

Ақмола облысында ірі бизнес өкілдерімен мұндай өзара іс-қимыл халық үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Көкшетау қаласында «Алтынтау Көкшетау» компаниясы 2025 жылы 500 орындық мектеп құрылысын аяқтады. Степногорск қаласында «АК «Алтыналмас» АҚ 1000 орындық мектеп пен заманауи көпфункционалды спорт кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Ақсу, Бестөбе және Жолымбет кенттерін әлеуметтік-экономикалық қолдауға 2026–2027 жылдарға қаржы қарастырылған.