Қарттар күнін мерекелеуге Ақмола облысының барлық өңірінен ардагерлер бас қосты

Қарттар күнін мерекелеуге Ақмола облысының барлық өңірінен ардагерлер бас қосты

Көкшетауда Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларынан аға буын өкілдерін біріктірген кездесу өтті. Қарттар күніне орай ұйымдастырылған шара ардагерлерді мерекемен құттықтап қана қоймай, олардың ел дамуына қосқан көпжылдық еңбегі мен өмірлік тәжірибесіне алғыс білдіруге мүмкіндік берді.

Қонақтарға арнайы бағдарлама әзірленді. Олар «Жағалау» жағалауындағы серуенге қатысып, Kokshe Arena спорт кешені мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барды. Күннің маңызды оқиғаларының бірі – Көкшетаудағы ауқымды қайта жаңғыртудан өткен жаңартылған теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысу болды.

Іс-шара соңында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен кездесу өтті. Жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде өңір басшысы аға буынның тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы айрықша рөліне тоқталды.

«Сіздердің буындарыңыз Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына орасан зор үлес қосты. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен елге деген адалдықтарыңыз Отанымыздың тарихында мәңгі сақталады.

Бүгінгі таңда өңіріміздің қол жеткізген жетістіктері көп жағдайда сіздердің еңбектеріңіздің арқасында мүмкін болды. Мемлекет басшысы еңбекқорлық, жауапкершілік, бастамашылдық және өз ісіне адалдық сияқты құнды қасиеттерді өскелең ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын үнемі атап өтіп келеді», – деді Марат Ахметжанов.

Кездесу барысында көп жылын адал еңбекке арнаған азаматтарды құрметтеу рәсімі де өтті. Еңбек саласының дамуына қосқан елеулі үлесі мен көпжылдық адал еңбегі үшін Рашид Гайнуллин, Бейсембай Найкин және Галина Автаева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Жәнібековтер отбасын алтын тойымен құттықтады. Сондай-ақ бірқатар аға буын өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды.

Кештің жылы атмосферасын концерттік бағдарлама жалғастырды. Қонақтарға шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бүгінде Ақмола облысында 118 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Ардагерлер қозғалысы 20 аудандық және қалалық кеңесті біріктіріп, 855 бастауыш ұйымның басын қосып отыр. Өңірде бір Ұлы Отан соғысының ардагері, 2,5 мыңға жуық тыл еңбеккері, сондай-ақ Социалистік Еңбек Ерлері мен Қазақстанның Еңбек Ерлері тұрады.