Аграрлық саланың жетістіктері және аудан орталығының урбанистикалық дамуы: Марат Ахметжанов Атбасар ауданының тұрғындарымен кездесті

Аграрлық саланың жетістіктері және аудан орталығының урбанистикалық дамуы: Марат Ахметжанов Атбасар ауданының тұрғындарымен кездесті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Атбасар ауданының тұрғындарымен кездесіп, егін жинау науқанының қорытындысын, инфрақұрылымды және қалалық ортаны дамыту, сондай-ақ әлеуметтік саланы жетілдіру перспективаларын талқылады.

Өңір басшысы Атбасар ауданы облыстағы егіс алқаптарының көлемі бойынша көшбасшы аудандардың қатарында екенін атап өтті. Биыл ауданда 474,2 мың гектар жерге егіс егілді. Бұл ретте майлы дақылдардың алқабы үш есеге артып, 50 мың гектарға жетті.

Аудан облыста алғашқылардың бірі болып дәнді дақылдарды жинау науқанын аяқтады. 397,5 мың гектар алқаптан 635 мың тоннадан астам астық жиналып, орташа өнімділік гектарына 16 центнерді құрады. Егін жинау жұмыстарын алғашқылардың бірі болып аяқтап, аудандық орташа көрсеткіштен жоғары өнімділікке қол жеткізгендердің қатарында «Новосельское», «Шуйское-ХХI», «Шыңғыс-1», «Алтындан» және «Әріп-Агро» шаруашылықтары бар.

«Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау көлемі 1,7 есеге артып, 19 млрд теңгеге жетті. Қаражат жеңілдетілген несие беруге, субсидиялауға және ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға бағытталуда. Біздің міндетіміз – мемлекеттік қолдау мен инвестицияның нақты нәтижеге, яғни жаңа өндірістерге, жұмыс орындарына, заманауи инфрақұрылымға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға айналуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Кездесуде инфрақұрылым мен қалалық ортаны дамыту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Облыс әкімі урбанистика орталығының мамандары зерттеу жүргізіп, халықтың көшіп кету себептерін анықтағанын және Атбасарды дамыту бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлегенін атап өтті.

«Алдағы уақытта қала өзгереді. Мұнда Спорт сарайы, кинотеатр, спорттық-сауықтыру орталығы, абаттандырылған жағалау және серуендеу аймағы қажет. Алайда бұл жұмысты қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүргізу керек. Сонда Атбасар басқа аудан орталықтары үшін үлгі бола алады», – деді өңір басшысы.

Биыл жолдарды жөндеуге 888,1 млн теңге бағытталды. «Атбасар–Сочинское» автожолының 14,6 шақырымдық учаскесі жөнделді, Сочинское ауылындағы көшелерді жөндеу жұмыстары басталды. Атбасарда жаңа теміржол вокзалы ашылды.

Әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Ауданаралық аурухананың негізгі корпусына жөндеу жүргізіліп, заманауи диагностикалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгеннен кейін балалар бөлімшесінің күрделі жөндеуі аяқталды. Палаталар мен санитарлық бөлмелер жаңартылып, жарықтандыру және желдету жүйелері жақсартылды. Сондай-ақ МРТ аппаратын орналастыруға арналған қосымша ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын.

Кадрмен қамтамасыз ету мәселесіне де көңіл бөлінді. Тек биылдың өзінде ауданға 22 жас дәрігер келді. Ауылдық жерге жұмысқа келген мамандарға 8,5 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау қарастырылған. Сочинское ауылын дәрігермен және жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.

Кездесу барысында тұрғындар баспанамен қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарын қойды. Барлық өтініштер бақылауға алынады. Сонымен қатар жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау өткізіліп, тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.