
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Жақсы ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және әлеуметтік саланы өркендету мәселелері талқыланды.
Жақсы ауданы облыстың жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналады. Биыл мұнда 500 мың гектар жерге егіс егілді. Бұл – облыстағы егіс алқаптарының шамамен 9 пайызы. Майлы дақылдардың егіс көлемінің айтарлықтай артқаны атап өтілді. Соңғы екі жылда олардың көлемі 11 есеге өсіп, 48 мың гектарға жетті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға 18,5 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бірге артық.
«Мемлекеттік қолдау – бұл тек көмек емес, ең алдымен сенім мен жауапкершілік. Қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етіп, нақты нәтижеге – өндіріс көлемін арттыруға, жұмыс орындарын құруға және салық түсімдерін көбейтуге қол жеткізу қажет. Орақ науқанын алғашқылардың бірі болып аяқтаған «Еркіндік Агро» шаруа қожалығының жұмысын атап өткім келеді. «Кийма Агро» және «Алекс-агро 2004» ЖШС жақсы өнімділік көрсетті – гектарына 15 центнерден», – деді Марат Ахметжанов.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға да қомақты қаражат бағытталуда. Биыл жеті жол жобасына 11,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жақсы – Атбасар бағытындағы 29 шақырым жол жөнделіп аяқталды. Ұзындығы 58,5 шақырым болатын Жақсы – Чистополье автожолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл облыс орталығына дейінгі жол қашықтығын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ облыс әкімі келесі жылы егіс алқаптарының едәуір бөлігі орналасқан Қазақстан ауылындағы көпірдің құрылысына қаражат бөлінетінін айтты.
«Мемлекет басшысы өңірлерде мәдениет және әлеуметтік сала нысандарын салудың маңыздылығын жиі атап өтеді. Бұл ретте жауапкершілік тек әкімдіктерге ғана жүктелмеуі тиіс. Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде депутаттар мен белсенділерден құралған қоғамдық бақылау кеңестері маңызды рөл атқаруы қажет. Ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою керек. Қазір ауданда жастар орталығы салынып жатыр. Ол осы бағыттағы жақсы үлгі бола алады», – деп атап өтті өңір басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша Марат Ахметжанов агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инвестиция тарту, қайта өңдеу көлемін арттыру, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Тұрғындармен диалог азаматтарды жеке қабылдау форматында жалғасты.