Hi-Pro сапа белгісі: Ақмола облысы астықтың экспорттық мүмкіндіктерін таныстырды

Hi-Pro сапа белгісі: Ақмола облысы астықтың экспорттық мүмкіндіктерін таныстырды

Ақмола облысы Қазақстанның жетекші аграрлық өңірлерінің бірі ретіндегі әлеуетін нығайтып келеді. Бұланды ауданындағы «Даниловское и К» ЖШС егіс алқаптарында облыс әкімі Марат Ахметжановтың және Нидерланд, Польша, Латвия, Эстония мен Солтүстік Македония елшіліктерінің өкілдерінен құралған шетелдік делегацияның қатысуымен кездесу өтті. Шетелдік қонақтарға өңірдің ауыл шаруашылығы және экспорттық әлеуеті таныстырылып, астықтың жоғары сапалық көрсеткіштері мен терең өңдеуге бағытталған жұмыстарға баса мән берілді.

Өңірдегі егін жинау науқаны агроөнеркәсіптік кешеннің жоғары нәтижелерін көрсетіп отыр. Ақмолалық диқандар 5,2 млн тонна астық бастырды. Биыл шаруалар үшін басты жетістік – өнім көлемімен қатар, оның жоғары сапасы. Нан қабылдау кәсіпорындарына түскен астықтың 86%-дан астамы жоғары сұранысқа ие 3-сыныпқа жатқызылса, құрамында ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді.

Бұл көрсеткіштерге жаз айларындағы қуаңшылық секілді күрделі климаттық жағдайларға қарамастан қол жеткізілді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, бұған мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары, заманауи агротехнологияларды енгізу және саланы цифрландыру айтарлықтай ықпал еткен.

«Биыл ауа райының күрделі жағдайларына қарамастан, Мемлекет басшысының қолдауы мен кешенді тәсілдің арқасында жақсы өнім алып отырмыз. Астықтың басым бөлігі – тауарлық өнім, оның Hi-Pro көрсеткіштері жоғары. Мұндай бидайсыз Еуропада сұранысқа ие жоғары сапалы макарон өнімдерін өндіру мүмкін емес. Біз жыл сайын 3,5 млн тоннадан астам тауарлық астық экспорттаймыз. Сонымен қатар экономикалық саясатымыз терең өңдеуді дамытуға бағытталған. Қазір өңірде екі ірі кәсіпорын салынып жатыр. Аршалы ауданында жылына 1 млн тонна бидайды терең өңдейтін кешен бой көтерсе, Көкшетау қаласында майлы дақылдардың тұқымын өңдейтін май экстракциялық зауыт салынады», – деді Марат Ахметжанов.

Жоғары сапалы өнім көрсеткіштері экспортқа бағытталған жеткізілімдерді кеңейтуге мүмкіндік береді. Өткен жылдардағы астық қалдығын ескергенде, 2026 жылдың қорытындысы бойынша астық экспорты 4 млн тоннаға, ал майлы дақылдар тұқымының экспорты 500 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Ақмола облысы әлемдік нарықтағы үлесін кезең-кезеңімен арттырып, Еуропаның Эстония, Италия және Бельгия сияқты елдерімен ынтымақтастықты дамытып келеді. Сонымен қатар Норвегия, Алжир және Марокко секілді жаңа экспорттық бағыттар ашылуда.

Шетелдік делегация өкілдері өңірдің аграрлық секторындағы даму қарқынына жоғары баға берді. Нидерланд Елшілігінің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ари Велдхаузен сауда байланыстарын одан әрі нығайту үшін халықаралық стандарттарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

«Ақмола облысының ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор. Өңір Қазақстандағы астық өндіретін негізгі аймақтардың бірі саналады. Біз үшін өндіріс көлемімен қатар, өнім сапасына, технологияларға, сақтау мен өңдеуге деген назардың артып келе жатқаны ерекше қызығушылық тудырады. Алайда Еуропа – талаптары жоғары нарық. Мұнда азық-түлік қауіпсіздігіне, өнім сипаттамаларының тұрақтылығына, тауардың қадағалануына және өндірістің тұрақтылығына үлкен мән беріледі. Зертханалық зерттеулер Ақмола облысының астығы жоғары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетінін көрсетті», – деп атап өтті Ари Велдхаузен.

Агросектордың бәсекеге қабілеттілігін жүйелі түрде арттыруға мемлекет тарапынан көрсетілетін жан-жақты қолдау да ықпал етуде. Соңғы 3 жылда облыстың агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 707 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Өңірде машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Жыл басынан бері 51,6 млрд теңгеге 941 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ал жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тонна астық қоймалары жиналған өнімді толық сақтауға мүмкіндік береді.