Степногорск қаласында сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылуда

Степногорск қаласында сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылуда

Степногорск қаласында коммуналдық инфрақұрылымның маңызды бағыттарының бірі – сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде қалаға су жеткізетін магистральдық су құбырларының 14 шақырымы қайта жаңғыртылды.

Сорғы станциясынан Степногорск қаласына дейінгі су құбырларын қайта жаңғырту жобасы 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Учаскенің жалпы ұзындығы – 35 шақырым. Алғашқы екі жылда 11,5 шақырым желі жаңартылса, 2026 жылдың басынан бері тағы 2,5 шақырымда жұмыс орындалды. Биыл жобаны жалғастыруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.

Жобаның күрделі учаскелерінің бірі – Ақсу өзені арқылы өтетін бөлігі. Жұмыс барысында мамандар қатты тау жыныстарына тап болып, бастапқыда жоспарланған құбыр төсеу тәсілін қолдану мүмкін болмады. Осыған байланысты техникалық шешім қабылданып, су құбырларына арналған гильзалар өзеннің түбі арқылы төселді.

Аталған учаскедегі жұмыстар шамамен бір айға созылды. Жұмыстарды жүргізу үшін жасалған уақытша үйінділер кейін алынып тасталды. Бұл ретте өзен арнасы толығымен жабылған жоқ.

Магистральдық су құбырларын жаңғырту сумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар нөсер кәрізі нысандары мен «Степногорск Водоканалына» жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары қаланың коммуналдық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.