Ақмола облысында 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды

Ақмола облысында 19 мыңнан астам  жаңа жұмыс орны құрылды

Ақмола облысында халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Жыл басынан бері өңірде 19,4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 24 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы II тоқсанда облыстағы жұмыс күшінің саны 420 мың адамды, жұмыспен қамтылғандар саны 401 мың адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 4,4% болып, республикалық көрсеткіштен төмен қалыптасты.

Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіруде Enbek.kz электрондық еңбек биржасы маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда облыстағы жұмыс берушілер платформаға 6 мыңнан астам бос жұмыс орнын орналастырған. Олардың жартысынан астамы жұмысшы мамандықтарға тиесілі.

Өңірде дәнекерлеушілер мен газ кесушілерге, слесарьлар мен механиктерге, тас қалаушылар мен құрылыс монтажшыларына, жүргізушілерге, механизаторлар мен тракторшыларға сұраныс жоғары. Сонымен қатар тәрбиеші, мұғалім және бухгалтер мамандарына қажеттілік бар.

Еңбек нарығының талаптарына сай кадр даярлауға да басымдық берілуде. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам адам кәсіптік оқытудың түрлі бағдарламаларына қатысты. Олар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, skills.enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдыларды меңгерді. Сондай-ақ жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданды.

Уақытша және тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік шаралар да өз нәтижесін беруде. Субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 2 мыңға жуық ақмолалық еңбекке тартылды. Олардың қатарында қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына және «Күміс жас» жобасына қатысушылар бар.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау аясында 104 адамға жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 37 млн теңге болатын мемлекеттік грант берілді. Бұдан бөлек, 434 мүгедектігі бар азамат жұмысқа орналастырылды.

Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілердің тікелей байланысын жолға қою мақсатында жыл басынан бері облыста 101 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Іс-шаралар барысында тұрғындар өзекті вакансиялармен танысып, жұмыс берушілермен кездесіп, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпарат алды.

Халыққа көрсетілетін жұмыспен қамту қызметтері Еңбек мобильділігі орталығы мен облыстың 17 ауданы және 3 қаласында жұмыс істейтін мансап орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Мамандар азаматтарға кәсіби бағдар беріп, сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге, лайықты жұмыс орнын табуға және тұрақты жұмыспен қамтылуға қолдау көрсетеді.