
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғыз Республикасында өтіп, оған әлемнің 100-ден астам елінен спортшылар қатысты. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 74 медаль, оның ішінде 32 алтын жеңіп алып, бірінші орынға ие болды. Ұлттық құрама сапында Ақмола облысының спортшылары да ел намысын абыроймен қорғап, бес спортшы қола медальға қол жеткізді.
Көкшетауда халықаралық додада жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушарымен кездесу өтті. Жүлдегерлерді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қабылдады.
Ақмолалық спортшылар алты ұлттық спорт түрінен – алыш күресі, құсбегілік, бәйге, таяқ тартыс, тазы жарысы және омыртқа сындырудан бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша Ардақ Сүлейменов, Айдар Махамбетов, Серік Ильясов, Достилек Дулатов және Әмірбек Жұмаділұлы қола жүлдеге ие болды. Оларды жарысқа Хамза Шұбаев пен Ерлан Кенжетаев дайындады.
«Сіздердің жеңістеріңіз – табанды еңбектің, жігер мен кәсіби шеберліктің нәтижесі. Ақмола облысы мен Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғадыңыздар. Ең бастысы, сіздердің жетістіктеріңіз жас ұрпақты спортпен айналысуға, алдына биік мақсаттар қойып, оған қол жеткізуге ынталандырады», – деді Досұлан Айтбаев.
Ол сондай-ақ өңірде спортты дамытуға және спортшыларға қолдау көрсетуге ерекше мән берілетінін атап өтті.
Кездесу барысында спортшылар мен жаттықтырушыларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, жуырда VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада қабылдады. Мемлекет басшысы ұлттық құраманың өнерін жоғары бағалап, оның жетістігі қазақ халқының рухының биіктігі мен қайсарлығын көрсеткенін атап өтті.