
Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты шығармалары мен сөйлеген сөздерінен құралған жинақтың тұсаукесері өтті. Жиынға Ақмола облысының мемлекеттік органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, еңбек ардагерлері, қаламгерлер мен жастар қатысты.
Кездесуді ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өңірге кітаптың алғашқы легі жеткізілгенін атап өтті. Басылым қалалар мен аудандардағы кітапханаларға, сондай-ақ жастар ұйымдарына жолданады.
«Президент ұлтымыздың көбірек кітап оқуының маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Бұл кітап – жай ғана ой-толғамдар жинағы емес, әрқайсымыз үшін маңызды бағдар. Оның өз оқырманын тауып, жастарға пайдалы болып, ортақ болашағымыз туралы ойлануға ықпал етуі маңызды», – деді Досұлан Айтбаев.
Жаңа басылымда Мемлекет басшысының тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы маңызды кезеңдерге арналған негізгі дәйексөздері мен ой-толғамдары жинақталған. Кітапта әділетті мемлекет құру, халықтың бірлігі, азаматтардың жауапкершілігі, сондай-ақ ғылым, білім және мәдениетті дамыту мәселелері қамтылған.
Кездесуде ұрпақтар сабақтастығы мен қазіргі жастар үшін маңызды құндылықтар тақырыбына да ерекше мән берілді. Талқылауға қатысушылар жылдам өзгерістер, цифрлық технологиялардың дамуы және жаңа сын-қатерлер жағдайында ел тарихын және ата-баба мұрасын есте сақтаудың маңызы зор екенін атап өтті.
«Бұл кітапты оқи отырып, Президенттің қоғам алдына қойып отырған міндеттерін жақсырақ түсінесің. Оның әр сөзінен еліміздің болашағы мен қауіпсіздігіне деген қамқорлық сезіледі. Бұл ойларды өскелең ұрпаққа жеткізу біз үшін маңызды», – деді белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғманов жастарды тәрбиелеудегі әдебиеттің маңызды рөліне тоқталды. Оның айтуынша, кітап жас ұрпақтың өз еліне деген жауапкершілігін қалыптастырып, елдің дамуына белсенді атсалысуына ықпал ете алады.
Тұсаукесер әр жастағы ақмолалықтардың қызығушылығын тудырды. Аға буын үшін бұл – елдің жүріп өткен жолын тағы бір мәрте еске алуға мүмкіндік болса, жастар үшін – өздерінің ел болашағындағы рөлін тереңірек түсінуге жол ашады.
Алдағы уақытта өңір кітапханаларында кітапқа арналған тақырыптық кездесулер мен талқылаулар өткізу жоспарланып отыр.