
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Марат Елібаевпен кездесіп, өңірде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін талқылады. Кездесуде негізгі назар маңызды индустриялық нысандарды дамытуға аударылды.
Облыс әкімі атап өткендей, бүгінде Даму Банкі елімізде ауқымды әрі технологиялық тұрғыдан күрделі өндірістерді іске қосуда негізгі қозғаушы күштердің бірі болып отыр.
«Даму Банкінің портфелінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар 9 ірі инвестициялық жоба, тағы 6 жоба қаралу үстінде. Банк қолдауының өңір экономикасын дамытуға, жаңа өндірістер құруға және заманауи технологияларды енгізуге ықпал ететіні ерекше маңызды», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Даму Банкі тарапынан қолдау алған жобалардың қатарында Көкшетау және Қосшы қалаларындағы ірі медициналық нысандардың құрылысы, Целиноград ауданындағы Ақмол ауылында жұмыртқаны терең өңдеу зауытының құрылысы, сондай-ақ Бұланды ауданындағы «Макинск құс фабрикасы» кәсіпорнының үш жобасы бар.
«Aqmola» республикалық маңызы бар индустриялық аймағындағы маңызды якорлық жобаларға, қытайлық Dalian инвесторының қатысуымен астықты терең өңдеу зауытын салуға, сондай-ақ отандық инвесторлардың кірпіш және сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттар салу жобаларына ерекше назар аударылды.
«Бүгінде индустриялық аймақтың аумағы 2 мың гектардан асады және елорда маңындағы өңірлерді – Аршалы, Шортанды, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласын қамтиды. 26 нақты инвестициялық жобаға арналған жер учаскелері бөлініп, резервке қойылды», – деді «Akmola Industry» ЖШС директоры Нұркен Мұхаметкалиев.