Көкшетауда «Шабыт» көркемөнер мектебі» жаңа ғимаратының техникалық ашылуы өтті

Көкшетауда «Шабыт» көркемөнер мектебі» жаңа ғимаратының техникалық ашылуы өтті

Көкшетау қаласында «Шабыт» көркемөнер мектебі» жаңа ғимаратының техникалық ашылуы өтті. Заманауи мектеп 1965 жылы салынған бұрынғы ғимараттың орнына реновация аясында бой көтерді. Жаңа нысанды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аралап көрді.

Ондаған жылдар бойы мектеп Көкшетау қаласының мәдени өмірінің маңызды бөлігі болып, жас суретшілердің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Алайда уақыт өте келе бұрынғы ғимарат білім беру үдерісін ұйымдастыруға, қауіпсіздік пен жайлылыққа қойылатын заманауи талаптарға сәйкес келмеді.

Жобаны іске асыру алдында мамандар техникалық тексеру жүргізді. Нәтижесінде ғимараттың бірқатар ақаулары, көтергіш конструкцияларының қанағаттанарлықсыз жағдайы және инженерлік желілерді ауыстыру қажеттілігі анықталды.

Жаңа ғимараттың құрылысы өткен жылдың қазан айында басталып, 11 ай ішінде аяқталды. Мектеп 360 оқушыға арналған.

Жаңа мектепте жарық шеберханалар мен оқу кабинеттері, көрме залы, күту орындары, терраса және оқу үдерісіне қажетті өзге де бөлмелер қарастырылған. Панорамалық терезелер табиғи жарықтың мол түсуін қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе сурет пен кескіндеме сабақтары үшін маңызды. Жобалау барысында қауіпсіздік пен қолжетімділікке қойылатын заманауи талаптар да ескерілген.

Мұнда балалар классикалық көркемдік білім алады. Олар сурет, кескіндеме, композиция, мүсін, бейнелеу өнерінің тарихы және компьютерлік графика пәндерін меңгереді.

Мектеп директоры Юлия Желобкованың айтуынша, жаңа мектепті жобалау кезінде педагогикалық ұжымның ұсыныстары ескеріліп, материалдық-техникалық база толығымен дерлік жаңартылған.

«Біздің барлық тілегіміз ескерілді. Бөлмелердің биіктігі, эргономикасы мен жарықтандырылуы жағынан бұл ғимаратты Өнер академиясымен салыстыруға болады. Мұнда барлық қажетті кабинеттер мен шеберханаларды орналастыра алдық, жабдықтардың басым бөлігі жаңадан сатып алынды. Балалар мұнда таңданыспен кіріп келеді. Мұндай кеңістікке тіпті ересек суретшілердің өзі қызығатыны сөзсіз», – деді Юлия Желобкова.

Мектепті аралау барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов оқушылар мен ұстаздарды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, өнер, шығармашылық пен білім елімізді алға бастайды. Дәл осындай ортада балалардың адами әлеуеті қалыптасып, қабілеті ашылып, дүниетанымы кеңейеді және жан-жақты дамыған тұлға тәрбиеленеді. Сондықтан біздің міндетіміз – жас ұрпақтың сапалы білім алып, шығармашылықпен айналысуына және өз талантын жүзеге асыруына барлық жағдай жасау. Осы мектеп қабырғасынан Ақмола облысы мен бүкіл Қазақстанды әлемге танытатын болашақ суретшілер шығатынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.

Жоба «KOKSHE» ӘКК» АҚ үйлестіруімен инвестициялық модель аясында және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың жеке бақылауымен жүзеге асырылды. Жобаны іске асыру туралы шешім алдын ала қоғам өкілдерімен талқыланды.

Мектепті қолдау аясында облыс әкімі ұжымға заманауи модификацияланған автобус алуға сертификат табыстады. Жаңа көлік оқушылар мен педагогтердің көрмелерге, байқауларға, шығармашылық және білім беру іс-шараларына жайлы қатынауына мүмкіндік береді.