Ақмола облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды

Ақмола облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен облыс әкімдігінде құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ аудан және қала әкімдері қатысты.

Отырыста халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оның ішінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселелері қаралды. Атап айтқанда, көшелер мен жолдардың жай-күйіне, апат қаупі жоғары учаскелердегі және білім беру ұйымдарының маңындағы кемшіліктерді жоюға, сондай-ақ жолдарды қысқы кезеңге дайындауға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтардың және отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың алдын алу шаралары талқыланды. Алкоголь өнімдерін өткізуге бақылауды күшейтіп, оны заңсыз сатудың жолын кесу қажеттігі атап өтілді.

Құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі – ұрлық пен мал ұрлығының алдын алу. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ветеринариялық бақылау және мамандандырылған қора-жайлар құру мәселелері қаралды. Құқық қорғау органдары, ветеринариялық қызметтер және жергілікті атқарушы органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың маңыздылығы атап өтілді.

Бұдан бөлек, облыстың жекелеген аудандарындағы есірткі ахуалы және нашақорлықтың алдын алу шаралары қарастырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмысты, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және құқық бұзушылықтарды уақтылы анықтау жөнінде бірқатар тапсырма берілді.