
Ақмола облысында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Өңір автомобиль жолдарының дамыған желісіне ие және Қазақстанның солтүстік және орталық өңірлері арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Облыс аумағы арқылы халықаралық көлік дәліздері мен І техникалық санаттағы автомобиль жолдары, соның ішінде Астана – Қарағанды, Астана – Петропавл, Астана – Павлодар және басқа да бағыттар өтеді.
Биыл облыстағы автомобиль жолдарын салуға және жөндеуге шамамен 72 млрд теңге қарастырылған. Жоспарланған жұмыстар аясында 400 шақырымға жуық жолды жөндеу көзделген.
Республикалық маңызы бар жолдарда бірқатар учаскелерді жөндеу жобалары жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Екатеринбург – Алматы автожолы. Жақсы және Есіл аудандары арасындағы учаскеде 30 шақырымға жуық жол жаңартылды.
Мұндағы жұмыстар 2024 жылы басталған. 29 шақырым жолға жаңа жабын төселіп, жол жиектері нығайтылып, жол таңбалары жүргізілді. Жұмысқа 50-ге жуық адам және 30 арнайы техника жұмылдырылды. Учаске зертханалық сынақтардан сәтті өтті. Оны пайдалануға беру осы айда жоспарланып отыр. Бұл жол бөлігінде көлік қозғалысының қарқындылығы жоғары: мұнда тәулігіне шамамен 5 мың автокөлік өтеді, оның 3 мыңға жуығы – жүк көліктері.
Биыл Есіл, Жақсы және Ерейментау аудандарында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жаңартылатын учаскелердің жалпы ұзындығы 60 шақырымға жуықтайды. Атап айтқанда, ұзындығы 58 шақырым болатын Жақсы – Чистополье автожолы жөнделіп, Жақсы – Есіл – Бұзылық к автожолында көпір құрылысы жүргізілуде.
Жергілікті маңызы бар жолдарда да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ірі жобалардың қатарында Ақкөл – Азат – Новорыбинка, Көкшетау – Рузаевка – Васильковка, Еленовка – Чистополье – Есіл, Бұзылық – Алматы бағыттарындағы жолдар, сондай-ақ Торғай ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары бар.