
Акмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренованың төрағалығымен инклюзия, көші-қон және жұмыссыз азаматтардың басым санаттарын жұмыспен қамту мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Әлеуметтік осал топтарды қолдауға, мигранттарды қоғамға кіріктіруге және мүгедектігі бар адамдар үшін еңбек нарығында тең жағдай жасауға бағытталған тиімді, атаулы әрі әділ әлеуметтік саясат қағидаттарын ілгерілету мәселелері талқыланды. Жиында Ақмола облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Анна Попова, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мухамедин, басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бексұлтанова, сондай-ақ Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті департаментінің басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Искакова баяндама жасады.
Кеңес барысында бірқатар аудан өкілдерінің халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, қандастарды бейімдеу және инклюзивті ортаны дамыту мәселелері бойынша есептері тыңдалды.
«Жұмысымыздың басты басымдығы – ашықтық пен атаулылық. Мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы әрбір жаңашылдық облыстың әрбір тұрғынына түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Осыған байланысты азаматтардың өз құқықтары мен мүмкіндіктерін нақты білуі үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, оны тұрақты негізде жүргізуді тапсырамын», – деп атап өтті Алтынай Әміренова.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға, аудан және қала әкімдіктеріне халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамту деңгейін арттыру, мүгедектігі бар адамдарды оңалту бағдарламаларын сапалы іске асыру, инфрақұрылым нысандарын бейімдеу және шетел азаматтарының тізімдерін жедел пысықтау бойынша тиісті тапсырмалар берілді.