Есіл ауданы тұрғындарымен кездесуде өңірді одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды

Есіл ауданы тұрғындарымен кездесуде өңірді одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Есіл ауданының тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын, мемлекеттік реформалардың жүзеге асырылуын және өңірді одан әрі дамыту жоспарларын талқылады. Кездесу барысында облыс әкімі ауданды ауқымды инфрақұрылымдық өзгерістер күтіп тұрғанын атап өтті.

«23 тамызда бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауы өтеді. Бұл еліміздің саяси жүйесін дамытудың жаңа кезеңі болмақ. Аталған сайлау конституциялық реформамен және Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануымен тығыз байланысты екенін ерекше атап өткен жөн», – деді Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі аудан диқандарына егін орағын табысты аяқтағаны үшін алғыс білдірді. Биыл Есіл ауданында 600 мың тоннадан астам астық жиналып, оның шамамен 80 пайызы жоғары сапалы астық болды. Сонымен қатар өңір басшысы тек өсімдік шаруашылығын ғана емес, мал шаруашылығын да қарқынды дамыту маңызды екенін айтты.

«Мемлекет басшысы мал шаруашылығының әлеуетін барынша тиімді пайдалану міндетін қойды. Осыған байланысты мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып, ірі қара мен құс санын көбейту қажет.

Бұл міндеттерге мемлекеттік қолдау тетіктері арқылы қол жеткізуге болады. Ақмола облысы «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іс жүзінде алғаш болып іске асыра бастаған өңірге айналды. Бүгінде Есіл ауданынан алты ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші осы бағдарламаларға қатысуға өтінім берді», – деді Марат Ахметжанов.

Басым жобалардың қатарында облыс әкімі Есіл қаласындағы аудандық мәдениет үйін қайта жаңғырту жұмыстарын атады. Бұл мақсатқа қажетті қаражат бөлінеді. Сонымен қатар Жарқайың және Есіл аудандарында Есіл су қоймасын салу жобасы іске асырыла бастайды. Жобаны жүзеге асыру су тасқыны қаупін азайтып қана қоймай, өңірдің дамуына тың серпін береді. Жоба аясында екі жаңа елді мекен салынып, онда шамамен 400 тұрғын үй бой көтереді.

«Есіл ауданын дамытудың жаңа кезеңі басталады. Алда ауқымды құрылыс пен үлкен өзгерістер күтіп тұр», – деп қорытындылады Марат Ахметжанов.

Кездесу соңында тұрғындар елді мекендерді дамытуға қатысты өз сауалдарын қойды. Атап айтқанда, облыс әкімі өткен жылғы кездесуде көтерілген Свободное ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тапқанын айтты. Жобаны іске асыруға қажетті қаражат толық көлемде бөлінді.