
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Есіл ауданына жұмыс сапары барысында Есіл қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында іске асырылуда.
Қазіргі таңда вокзал ғимараты толық қалпына келтірілді. Инженерлік желілерді тарту және ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Реконструкция аяқталғаннан кейін вокзал заманауи жайлылық, қауіпсіздік және қолжетімділік талаптарына толық сәйкес болады.
Жоба аясында балаларымен бірге жол жүретін транзиттік жолаушыларға арналған бөлме, алғашқы медициналық көмек көрсету кабинеті, қолжетімділікті бақылау жүйесімен жабдықталған әкімшілік аймақ қарастырылған. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Вокзалда Брайль қарпімен жасалған мнемосызбалар, дыбысты күшейту жүйесі және жүріп-тұруы шектеулі азаматтарға арналған көтергіш орнатылады.
«Вокзалды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бүгінде Ақмола облысында жаңғыртудан өткен бес теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 11 вокзалды реконструкциялап, пайдалануға беру жоспарланып отыр», – деді Марат Ахметжанов.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі өткен жылы күрделі жөндеуден өткен Есіл қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне де барды.
Жаңғырту нәтижесінде жас спортшылар үшін футбол, баскетбол, волейбол, күрес, ушу-саньда, үстел теннисі және бокс секцияларында жаттығуға қолайлы жағдай жасалды. Мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жаңа спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды.
Мектепте тоғыз жылдан астам уақыттан бері бокс жаттықтырушысы Нұрлыхан Әбілғазин еңбек етеді. Осы уақыт ішінде ол үш спорт шеберлігіне кандидат дайындап, шәкірттері республикалық жарыстарда бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болды.
Облыс әкімі жаттықтырушылармен және жас спортшылармен кездесіп, мектеп ұжымына жаңа шағын автобустың кілтін табыстады. Жаңа көлік тәрбиеленушілерді жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына және басқа да спорттық іс-шараларға қауіпсіз әрі жайлы жеткізуге мүмкіндік береді.