
Қосшы қаласының бес жылдығы қарсаңында қаланың даму қорытындылары шығарылуда. Қалалық инфрақұрылымды қалыптастырудағы маңызды бағыттардың бірі тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуы болды. Мемлекеттік қолдау шаралары мен жеке инвесторлардың белсенді қатысуының арқасында тұрғындардың өмір сүру сапасы артып, баспанаға қол жеткізу мүмкіндіктері кеңеюде.
Қосшыға қала мәртебесі берілгеннен бері 524 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Оның ішінде 643 отбасы бюджет қаражаты есебінен баспанамен қамтамасыз етілсе, 553 отбасы тұрғын үйді сатып алу тетігі арқылы үйлі болды. Ал шамамен 4,5 мың отбасы жеке инвестициялар есебінен салынған тұрғын үйлердің арқасында баспана мәселесін шешті.
2023 жылдан бастап қалада халықтың әлеуметтік осал санаттарын мемлекеттік инвестициялар есебінен тұрғын үй сатып алу арқылы қамтамасыз ету тетігі іске асырылуда. Осы бағдарлама аясында кезекте тұрған 553 отбасыға баспана сатып алынды. Олардың қатарында бірнеше жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар Анаркүл Қыстаубаева мен Ақмарал Далабаева да бар. Олар «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінен жарық әрі жайлы пәтерлерге ие болды.
«Біз үшін жаңа пәтер – тек тұрмыс жағдайының жақсаруы ғана емес. Бұл – балаларымыздың дамуына жаңа мүмкіндіктер. Жақын жерде жақсы мектеп, дамыту орталықтары орналасқан, сондай-ақ болашақта LRT желісі де осы маңнан өтеді», – деді Ақмарал Далабаева.
Айта кетейік, 2025 жылдың тамыз айында Қосшы қаласында көп жылдан бері шешімін таппай келген мәселе оң шешімін тапты: құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Ондағы шамамен 260 пәтердің иелері халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы кезекте тұрған азаматтар болды.