Бурабай ауданында «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы өтті

Бурабай ауданында «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы өтті

Бурабай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Мөлдір бұлақ» республикалық экологиялық акциясы өтті.

Іс-шараға өңір тұрғындары, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылар бұлақтың көзін ашып, айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды дамыту екенін атап өтті.

«Қалалар мен ауылдардың, өзен-көлдердің, орман мен даланың тазалығына қамқорлық жасау – әр азаматтың ортақ міндеті. Табиғатты тек бірлескен күш-жігермен ғана келер ұрпаққа сақтап қала аламыз», – деді Елдос Рамазанов.

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев табиғи су көздерін сақтау елдің экологиялық саясатының маңызды бағыты екенін атап өтті.

Акция барысында қатысушылар бұлақ маңын абаттандырып қана қоймай, табиғи су көздерін қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

«Мөлдір бұлақ» акциясы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, экологиялық мәдениетті арттыруға және азаматтық жауапкершілікті нығайтуға бағытталған іс-шаралардың бірі болды.