
Көкшетауда Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік іс-шаралар «Жаңа жағалау» аумағында өтті.
Мерекелік бағдарлама мәдениет мекемелері ұйымдастырған тақырыптық көрмелер мен таныстырылым алаңдарының жұмысынан басталды. Келушілер қазақ халқының рухани мұрасымен, ұлттық дәстүрлерімен және күй өнерінің тарихымен танысты. Сонымен қатар «Көне домбыра» және «Музейге жәдігер сыйла» республикалық акциялары ұйымдастырылды.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев өңір тұрғындарын Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, домбыраның қазақ халқының өміріндегі айрықша маңызын атап өтті.
«Биылғы мерекенің орны ерекше, тарихи мәні терең. Ұлттық домбыра күні мен Астана күнін еліміздің жаңа, халықтық Конституциясының заңды күшіне енуімен қатар атап өтіп отырмыз. Бұл – мемлекетіміздің құқықтық негіздері мен ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарының сабақтастығын айқындайтын, мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайтатын маңызды кезең.
Қазақ халқы мен домбыра – егіз ұғым. Домбыра – қазақтың жаны, ұлттың үні, мемлекеттіліктің символы. Ол халқымыздың шежіресін, тарихы мен тағдырын, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан арман-мақсаттарын сақтап келеді. Осы баға жетпес мұраны көздің қарашығындай сақтап, оны жас ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді Досұлан Айтбаев.
Кештің басты оқиғасы – алғаш рет ұйымдастырылған «Көкше – өнер маржандары» дәстүрлі өнер фестивалі болды. Сахнада К. Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, дәстүрлі ән орындаушылары мен күйшілер өнер көрсетті.
Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік желілерде өткен #DombyraKuni республикалық челленджі. Бастамаға өңірдің танымал тұлғалары, мәдениет саласының өкілдері, шығармашылық ұжымдар мен жас домбырашылар белсенді қатысып, күй тартып, халық әндерін орындады.