
Ақмола облысында алғаш рет Көкше Arena көпфункционалды спорт кешенінде Орталық Азияның үздік киберспортшыларын біріктірген Akmola International Esports Cup 2026 халықаралық турнирінің LAN-финалы өтті.
Турнирді Ақмола облысы әкімдігінің және «Қазақтелеком» АҚ-ның қолдауымен Qazaq Cybersport Federation ұйымдастырды. Жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстаннан келген ойыншылар қатысты. Бірнеше апта бойы командалар онлайн іріктеу кезеңдері мен плей-офф ойындарында бақ сынап, нәтижесінде үздіктер анықталды.
Турнир қатысушылары мен қонақтарын құттықтаған Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов жиналғандарды Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуімен құттықтады. Ол елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар жастарға, цифрлық технологиялар мен заманауи индустриялардың, оның ішінде киберспорттың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанын атап өтті.
«Біздің өңір цифрландыру бойынша көшбасшылық позициясын сақтап келеді. IT-жобалар табысты іске асырылуда, IT Hub пен Tomorrow School жұмыс істейді. Көкшетауда өтіп жатқан киберспорт чемпионатының финалы осы саланың дамуына жаңа серпін беріп, Қазақстанның Орталық Азиядағы киберспорт орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді», – деді Елдос Рамазанов.
Qazaq Cybersport Federation Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Қуанышбек Есекеев те турнир қатысушыларын құттықтап, федерацияның алдағы жоспарлары туралы айтып өтті.
Counter-Strike 2, Mobile Legends: Bang Bang, PUBG Mobile және Clash Royale ойындары бойынша өткен LAN-финалда Қазақстан мен Қырғызстаннан келген 22 киберспортшы бақ сынады.
«Бұл – біздің LAN-финалға алғаш рет шығуымыз. Турнир өте тартысты өтті, жақсы дайындалған мықты қарсыластар көп болды. Біз әлемдегі киберспорттың дамуын тұрақты бақылап отырамыз және жыл сайын Қазақстан командаларының халықаралық деңгейде өздерін барған сайын жақсы көрсетіп келе жатқанын көріп жүрміз. Сонымен қатар чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейі өте жоғары болғанын атап өткім келеді», – деді Бішкектен келген TLC командасының капитаны Эрик Минбаев.
Финалдық ойындардан бөлек, қонақтар үшін интерактивті алаңдар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.