
Көкшетауда триатлоннан Elite және U23 санаттары арасында стандартты қашықтықта, сондай-ақ U15 және U13 санаттары арасында «Гундерсен супер-спринті» қашықтығында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің алты өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Ақмола облысының намысын 32 спортшы қорғады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаев пен Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша Ақмола облысының 12 триатлоншысы жүлдегер атанып, медальдармен марапатталды. Чемпиондық атақты Аян Бейсенбаев, Арлан Жанабай, Александр Суховольский, Полина Степченко және Сафия Қайырбекова жеңіп алды.
Осы күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысу үшін ұлттық іріктеуде көш бастаған Аян Бейсенбаевқа Қазақстан триатлон федерациясы арнайы сыйлық ретінде жоғары деңгейлі кәсіби велосипед табыстады.