Зеренді ауданында каолинді байыту фабрикасы ашылды

Зеренді ауданында каолинді байыту фабрикасы ашылды

Зеренді ауданының Бірлестік ауылында «Qazaq Kaolin» ЖШС-нің каолинді байыту фабрикасы ашылды. Ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, «Qazaq Kaolin» ЖШС-нің бас директоры Марат Хасенов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының өкілдері, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

«Qazaq Kaolin» кәсіпорны – облысымызға инвестиция тарту бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың кезекті нәтижесі. Кәсіпорын ұзақ уақыт бойы жұмыс істемей тұрды. Бүгінде бұл мәселе өз шешімін тапты: инвестордың келуі нәтижесінде өндіріс қайта жанданып, жаңа серпін алды. Осындай бірлескен жобалардың арқасында өңірде жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылып, экономика қарқынды дамып келеді», – деді Ернар Жаркешов.

Іс-шара барысында жобаның еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызы ерекше аталып өтті. Алғашқы кезеңде кәсіпорында шамамен 90 жұмыс орны ашылады, ал орташа жалақы көлемі 650 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтып, жоғары қосылған құны бар өнімдерді, оның ішінде керамикалық плитка мен өзге де құрылыс материалдарын өндіруге арналған шикізатты шығаруды жоспарлап отыр.

Қонақтар әлемдік және отандық жетекші өндірушілердің жоғары технологиялық жабдықтарымен жарақтандырылған жаңа өндірістік кешеннің жұмысымен танысты. Экскурсия барысында қатысушыларға байытылған каолиннің алғашқы өнеркәсіптік партиясын өндіру үдерісі көрсетілді.

«Бүгін біз жай ғана фабриканы іске қосып отырған жоқпыз. Біз жаңа өндірісті, жаңа жұмыс орындарын және өңір мен Қазақстанның отандық өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып отырмыз», – деді «Qazaq Kaolin» ЖШС-нің бас директоры Марат Хасенов.

Айта кетейік, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Бірлестік және Қонысбай ауылдарына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, қосалқы электр станциясы мен электр желілері жаңғыртылып, көше жарығы жөнделді, мектептер, балабақшалар және ойын алаңдары жөндеуден өтті. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар іс-шараларға тұрақты қолдау көрсетілуде.