Ақмола облысының әкімі қосымша білім беру нысандарын аралады

Ақмола облысының әкімі қосымша білім беру нысандарын аралады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласына жұмыс сапары аясында қосымша білім беру нысандарын аралады.

Өңір басшысы балалар көркемсурет мектебінің құрылыс барысымен танысты. Жалпы аумағы 1 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат 350 оқушыға арналған.

Мектептің ашылуы жас суретшілердің сапалы білім алуына заманауи жағдай жасап, балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді әрі қосымша білімнің қолжетімділігін арттырады.

«Бұрынғы ғимаратта балалар төрт ауысымда оқыды, мұғалімдер бөлмесі болған жоқ, кабинеттер балалардың қажеттіліктеріне сай келмейтін. Жаңа ғимарат біздің ұсыныстарымызды ескере отырып салынды. Мұнда биік төбелі, кең әрі жарық сыныптар, арт-кеңістіктер, қажетті қосалқы бөлмелер және шатырдағы терраса қарастырылған», – деді көркемсурет мектебінің директоры Юлия Желобкова.

Қазіргі уақытта әрлеу және қасбетті безендіру жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Нысанды жаңа оқу жылының басында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сапар барысында Марат Ахметжанов 2021 жылдан бері облыс орталығында табысты жұмыс істеп келе жатқан «Balakai» шығармашылық студиясында болды. Бүгінде студияда 4 пен 17 жас аралығындағы 400-ден астам бала білім алады.

Мұнда тәрбиеленушілерге тоғыз бағыт бойынша білім беріледі. Атап айтқанда, қазақ және ағылшын тілдері, домбыра, ұлттық және заманауи би, кескіндеме, арт-терапия, эстрадалық вокал және робототехника бағыттары бойынша сабақтар ұйымдастырылған.

Облыс әкімі білім беру үдерісімен, мекеменің материалдық-техникалық базасымен танысып, педагогтермен және тәрбиеленушілермен пікір алмасты.

«Қосымша білім беру ұйымдары балалардың қабілетін ашуда, олардың шығармашылық және зияткерлік дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Біз өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасап келеміз. Балалар спортпен де, шығармашылықпен де, ғылыммен де айналысуы керек. Бұл олардың жан-жақты дамуына, жаңа мүмкіндіктерді сынап көруіне және өзіне шын мәнінде ұнайтын істі табуына ықпал етеді», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.