
Ақмола облысының әкімдігінде өңір басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орайластырылған актив отырысы өтті.
Жиын барысында облыс әкімі халықтың таңдауы мен тарихи тәжірибеге негізделген Конституция мемлекеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, білім, ғылым және инновацияларды дамытуға бағытталған басты құндылықтарды бекітетінін атап өтті.
Сондай-ақ қатысушылар Жаңа Конституцияның мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, заң үстемдігі принциптерін нығайту, азаматтық қоғамды дамытудағы рөлін талқылады.
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов конституциялық реформаны дайындаудың негізгі кезеңдері, Жаңа Конституцияның басты ережелері және қабылданған өзгерістердің елдің алдағы дамуы үшін маңызы туралы баяндады.
Ата Заңдағы тарихи жадыны сақтау, ұрпақтар сабақтастығы және мәдени мұраны қорғау принциптерді мәдениет қайраткері Құралай Ыдырысова атап өтті. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының міндетін атқарушы Ардақ Қапышев құқықтық мәдениетті, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудағы жоғары оқу орындарының рөлі жайында сөз қозғады.
Іс-шара соңында Қазақстан Республикасы Жаңа Конституциясының Мемлекет басшысының қолы қойылған арнайы даналары облыстық мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіповке, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Қабдуали Құлышевқа табыс етілді. Үшінші данасы «Родина» агрофирмасының жетекшісі Иван Сауэрге табысталмақ.