Косшы қаласының орталық қазандығының қуаты 20 Гкал-ға артады

Косшы қаласының орталық қазандығының қуаты 20 Гкал-ға артады

Косшы қаласының орталық қазандығында қазандықтардың бірін ауыстыру бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта қазандықтың қуаты 36 Гкал болса, жұмыстар аяқталғаннан кейін оған қосымша 20 Гкал қосылып, жалпы қуаты артады. Бұл жылу энергиясының қорын қалыптастырып, алдағы жылыту маусымдарында қала тұрғындарын сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жөндеу жұмыстарының барысымен жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов танысты.

«Қазіргі уақытта мердігер ұйым №3 қазанды бөлшектеу жұмыстарын аяқтады. Жаңа жабдықты орнатуға арналған негізді дайындау жұмыстары жүргізілуде», – деп баяндады «АСИ Қазандық» ЖШС директорының орынбасары Шоқан Ибраев.

Сонымен қатар жылу желілерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. «Алтын Дала» тұрғын үй кешенінен Яссауи көшесіне дейінгі ұзындығы 1911 метр болатын учаскенің 1700 метрі жөнделді.

Марат Ахметжанов жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын және жабдықтарды монтаждау сапасының жоғары деңгейде қамтамасыз етілуін тапсырды. Ол жылумен қамту мәселелері ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Сондай-ақ қаладағы негізгі көлік магистральдарының бірі – Республика көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жоба аясында ұзындығы 6,1 шақырым болатын жол инфрақұрылымы кешенді түрде жаңартылады. Екі қабатты асфальтбетон жабынын төсеу, көше жарығын ішінара жаңарту, жиектастарды ауыстыру және тротуарларды жөндеу көзделген. Жұмыстар бір ай ішінде аяқталады.

Өңір басшысы су қабылдау құдықтарын қақпақтарын ауыстыра отырып жөндеу жұмыстарының барысын жеке тексерді. Еске салайық, жол жөндеу жұмыстары барысында анықталған 98 су қабылдау құдығы ретке келтіріліп, бұл су бұру жүйесінің жұмысын едәуір жақсартып, жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттырды.

Сондай-ақ Марат Ахметжановқа қаланың электр және газбен жабдықтау жүйелерін одан әрі дамыту жобалары таныстырылды.