
Марат Ахметжанов жұмыс сапары барысында Қосшы қаласында денсаулық сақтау және білім беру жүйесін дамытуға бағытталған ірі әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
«VIAMEDIS» ЖШС-нің көпсалалы ауруханасы – 350 төсек-орынға арналған, бір ауысымда 1000 адам қабылдайтын емханасы бар заманауи медициналық кешен. Сонымен қатар жоба аясында медицина қызметкерлеріне арналған 96 пәтерлік екі тұрғын үй мен пансионат салу көзделген. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазіргі уақытта стационар құрылысының дайындық деңгейі 85 пайызға жетті. Сыртқы құрылыс жұмыстары толық аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жалғасуда. Медициналық газбен жабдықтау және пневмопошта жүйелерін қоса алғанда, инженерлік желілер орнатылған. Операциялық блок, перзентхана және жансақтау бөлімдері үшін «таза бөлмелер» жүйесі орнатылуда. Медициналық мекеменің құрылысын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Сондай-ақ өңір басшысы 1500 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылыс барысымен танысты. Жобаны BI Group компаниясы жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта нысанда іргетас құю және дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мектепті пайдалануға беру 2027 жылға жоспарланған.
«Жобаның ерекшелігі – бастауыш және жоғары сыныптарға арналған екі бөлек блоктың болуы. Сонымен қатар мектепте екі спорт залы, асхана, мамандандырылған зертханалар, шеберханалар, кітапхана және акт залы қарастырылған. Мектеп аумағында футбол алаңы, көпфункционалды спорт алаңы, ойын аймағы салынып, автотұрақ ұйымдастырылады», – деді жоба жетекшісі Руслан Токпанбаев.
Өңір басшысы Қосшы қаласының қарқынды дамуы әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын озық қарқынмен салуды талап ететінін атап өтті. Ол құрылыс жұмыстарының жоғары сапасын қамтамасыз етуді, құрылыс кестесін қатаң сақтауды және жобаларды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.