
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының 80 жылдық мерейтойы аясында Көкшетау қаласында «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» тақырыбында Қазақстан кітапханалар одағының отырысы өтті.
«Мемлекет басшысы қоғамда, әсіресе жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Оқырман ұлтты қалыптастыруда, мәдени мұраны сақтауда, қоғамның рухани құндылықтарын дамытуда, сондай-ақ барлық жастағы адамдар арасында кітап оқуды насихаттауда кітапханалардың рөлі зор», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысушыларды құттықтай отырып. Ол кітапханашыларға шығармашылық табыс, жаңа жобалар, оқырман ықыласы, кәсіби өсу мен өркендеу тіледі.
Құттықтау сөз сөйлегендердің қатарында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрайымы Айзада Құрманова да болды.
Отырыс барысында еліміздің барлық өңірлерінен келген кітапхана басшылары кітапханалардың тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы рөлін, халықаралық тәжірибе алмасуды және ақпараттық қоғам жағдайындағы жаңа мүмкіндіктерді талқылады. Сонымен қатар кітапханалардың инновациялық қызметі, цифрлық трансформация, ашық білім беру ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мәселелері қарастырылды.
Кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар мамандар ведомстволық наградалармен және алғыс хаттармен марапатталды.
«Біз өз тәжірибемізбен бөлісіп отырмыз, өйткені кітапханамыздың оқырмандарының 70 пайызын балалар мен жастар құрайды. Сонымен қатар бұл кездесуде кітапхана ісі туралы заң жобасын талқылау маңызды мәселелердің бірі болды», – деп атап өтті Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Күміс Сейітова.
Қатысушылардың айтуынша, бүгінде кітапханалар ақпаратты сақтау және тарату орталығы ғана емес, сонымен қатар білім беруді дамытуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға, мәдени мұраны сақтауға және қоғамның зияткерлік әлеуетін нығайтуға ықпал ететін маңызды қоғамдық институтқа айналды. Осыған байланысты елімізде кітап оқуды дәріптеуге бағытталған мәдени-ағартушылық жобалар мен бастамалар жүзеге асырылып келеді.