
Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілерін кәсіби мерекелерімен құттықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, мемлекеттік қызмет ардагерлері, сондай-ақ алғаш рет ант қабылдаған жас мамандар қатысты.
Жиналған қауымды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтап, мемлекеттік қызметтің мемлекеттің тиімді жұмыс істеуіндегі және халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызын атап өтті.
«Ақмола облысында мемлекеттік қызметте 4 мыңнан астам қызметкер еңбек етеді, олардың шамамен 3 мыңы жергілікті атқарушы органдар жүйесінде жұмыс істейді. Мемлекеттік қызметтің жастар арасында танымал болуы оның тартымдылығының айқын дәлелі. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің 29 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар. Өйткені бүгінде жастардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі жүзеге асыруына және қоғам игілігі жолында еңбек етуіне кең мүмкіндіктер жасалған», – деді Алтынай Әміренова.
Жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты жағдайда мемлекет пен Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант беріп, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқаруға және мемлекеттік қызмет қағидаттарын ұстануға дайын екендіктерін растады.
Көпжылдық адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар қызметкерлерге ведомстволық наградалар, төсбелгілер және алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандардың қатарында облыстық және аудандық әкімдіктердің, мемлекеттік мекемелер мен ведомстволардың қызметкерлері, сондай-ақ білім беру және мәдениет саласының өкілдері бар.
Сонымен қатар, «Сапалы қызмет көрсетудің үздік жеткізушісі» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.