
Көкшетау МС-де полиция күніне арналған салтанатты іс-шара өтіп, онда ішкі істер органдарының қызметкерлері, қызмет ардагерлері, Ақмола облысының күштік құрылымдарының өкілдері бас қосты.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жеке құрамды құттықтау сөзбен құттықтап, полиция қызметкерлерінің жоғары кәсіби біліктілігін, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі үлесін атап өтті және азаматтар игілігі жолындағы адал қызметі үшін алғыс білдірді. Өңір басшысы полиция қызметкерлеріне де, азаматтарға да көмек көрсетуге бағытталған енгізіліп жатқан жаңашылдықтар туралы айтып өтті.
«Жақсы мысал ретінде ауылдық жерлерде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жергілікті беделді тұрғындар мен учаскелік полиция инспекторларының күшімен жүзеге асырылып жатқан «Зиялы қауым» жобасын айтуға болады. Бұл бағдарлама облыстың 40 елді мекенінде тиімді іске асырылуда, Мемлекет басшысы тарапынан оң бағасын алып, кеңінен таратуға ұсынылды», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс хаттар табысталды. «Мамандығының үздігі» номинациясы бойынша учаскелік полиция инспекторы, жедел уәкіл, тергеуші және патрульдік полиция батальонының инспекторы марапатталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің балалары арасында өткен сурет байқауының жеңімпаздары да атап өтілді. Полиция департаментіне кеңсе техникасын жаңартуға арналған ақшалай сертификат табысталды.
Ақмола облысы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Нұрсұлтан Мұқашев та жеке құрамды құттықтап, қызметі үшін алғыс айтып, ұрпақ сабақтастығы мен полиция жұмысының жоғары стандарттарының маңыздылығын атап өтті.
Марапаттау рәсімі барысында ведомстволық және мемлекеттік наградалармен үздік қызметкерлер марапатталды. Бірқатар полицейлерге мерзімінен бұрын арнайы шендер беріліп, шендері жоғарылатылды.
Қонақтар үшін сондай-ақ Полиция департаментінің ведомстволық музейінің көшпелі көрмесі мен полиция қызметкерлерінің қызметтік күнделікті тыныс-тіршілігіне арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеде олардың күн сайынғы еңбегі, батылдықты, жанқиярлықты және Антқа деген шексіз адалдықты талап ететін қызметі кеңінен таныстырылды. Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды.