Жарқайың ауданында 200 мың гектардан астам егістік өңделді

Жарқайың ауданында 200 мың гектардан астам егістік өңделді

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Жарқайың ауданындағы ауыл шаруашылығы дақылдарының көктеу жағдайымен және фитосанитариялық ахуалмен танысты.

Жұмыс сапары аясында Мұрат Балпан «Диқан-4» ЖШС-не барып, зығыр егістіктерін, сондай-ақ жұмсақ және қатты бидай мен арпаның жаңа перспективалы сұрыптарының тәжірибелік алқаптарын аралап көрді. Ал «Торғай Хлебопродукт» ЖШС-де күнбағыс пен зығыр дақылдарының көгі қаралды.

Сондай-ақ «Фитосанитария» РМК қызметкерлерінің арнайы техниканы пайдалана отырып, шегірткеге қарсы күрес шараларын жүргізуі бақылауға алынды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының көктеу жағдайы қанағаттанарлық деңгейде екені атап өтілді. Ауданда егістіктерді химиялық өңдеу жұмыстары уақытылы жүргізілуде. Бүгінгі таңда 200 мың гектардан астам егіс алқабы өңделген.

Мамандардың мәліметінше, ауданда шегіртке зиянкестерінің таралуына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта фитосанитариялық жағдай тұрақты және бақылауда.

Сонымен қатар маусымдық дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданда барлық қажетті ресурстардың бар екені айтылды. Жұмыстарға шамамен 80 ауыл шаруашылығы техникасы мен агрегаты, сондай-ақ егістіктерді химиялық өңдеуге арналған 3 әуе кемесі жұмылдырылған. Жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету толық көлемде жүзеге асырылуда.

Мұрат Балпан ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің ұйымдасқан жұмысын атап өтіп, сапалы өнім алу үшін барлық агротехникалық іс-шараларды уақытылы орындаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.