
Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы курсанттарының салтанатты бітіру рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Академия бастығы генерал-майор Жұмабек Хасенов, сондай-ақ ТЖМ орталық аппаратының басшылық құрамы, ардагерлер мен құрметті қонақтар қатысты.
Салтанатты рәсім барысында түлектерге Академияны тәмамдағаны туралы дипломдар табысталды. Оқу, спорт және қоғамдық өмірде жоғары нәтижелер көрсеткен курсанттар қатарында Диас Жеңіс, Жамаладдин Жумамуратов және Мұрат Жанбаев ерекше аталып өтті. Ал лейтенант Төлеш Төрекелдіге Нұрпейіс Ақпаров атындағы атаулы шәкіртақы тапсырылды.
Түлектер алдында сөз сөйлеген Шыңғыс Әрінов азаматтық қорғау жүйесі үшін білікті мамандар даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, жас офицерлердің алдында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде жауапты міндет тұрғанын жеткізді. Ол жас лейтенанттарға өз күшіне сенімділік, кәсіби өсу және алдағы қызметтеріне табыс тіледі.
«Азаматтық қорғаудың басты міндеті – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардан қорғау. Көптеген жылдар бойы Академия Қазақстанның азаматтық қорғау саласы үшін жоғары кәсіби мамандар мен батыл офицерлер даярлайтын бірегей кадр ұстаханасы болып келеді. Жақсы жаңалықтардың бірі – Академиясының жаңа ғимаратының салынуы жоспарланып отыр. Бұл жоба курсанттардың заманауи білім алуына және олардың кәсіби деңгейін арттыруына үлкен үлес қосатынына сенімдімін», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Академияның Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімін өткізу құқығы лейтенант Дарын Ескелдиновке берілді. Мерекелік шара түлектердің салтанатты шеруімен және дәстүрлі офицерлер вальсімен аяқталды.
Айта кетейік, биыл Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің қатары 94 жас офицермен толықты. Олар еліміздің әр өңіріндегі ведомство бөлімшелерінде қызмет атқаратын болады. Академия құрылған күннен бері шамамен 6 мың жоғары білікті маман даярланып, азаматтық қорғау органдарының 18 мыңнан астам қызметкері өз біліктілігін арттырды.