Ақмола облысында медицина қызметкерлері құрметке ие болды

Ақмола облысында медицина қызметкерлері құрметке ие болды

«Көкшетау» мәдениет сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Өңірдің денсаулық сақтау саласы өкілдерін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

Іс-шара қатысушыларына арнаған сөзінде өңір басшысы медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігін, өз ісіне адалдығын және облыс тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтауға қосып отырған зор үлесін атап өтті. Бүгінде өңірде 12 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді.

«Денсаулық сақтау саласын дамыту – басты басымдықтардың бірі. Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында өңірдің 14 елді мекенінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 нысан салынды. Біз қолданыстағы мекемелерді жаңғыртып, мамандарды тартып, заманауи технологияларды енгізудеміз. Бұл сапалы медициналық көмектің тек облыс орталығында ғана емес, аудан тұрғындарына да қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Бұл – инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті нығайту және заманауи медициналық технологияларды енгізу бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі», – деді Марат Ахметжанов.

Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар медицина қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталып, алғыс хаттарға ие болды. Сондай-ақ Шортанды ауданынан келген екі жалпы тәжірибелік дәрігерге жаңа пәтерлердің кілттері табысталды.

Іс-шара аясында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің медицина факультетін үздік тәмамдаған түлектерге дипломдар табысталды.

«Медицинаны таңдауыма өмір бойы денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан анам себеп болды. Қазір химиотерапия бөлімшесінде тәжірибеден өтіп жүрмін, алдағы уақытта резидентурада білім алуды жоспарлап отырмын. Ұстаздарымның кеңесімен болашақта онколог болғым келеді. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан және дәрігерлер әрдайым қажет болатын медицина саласы», – деді университет түлегі Аружан Молдабай.

Мерекелік іс-шара барысында ақмолалық дәрігерлердің кәсібилігі мен жедел әрекетінің жарқын үлгісі болған науқастарды құтқару оқиғалары да таныстырылды.