Есіл контрреттегішінің құрылысы 2027 жылы басталады

Есіл контрреттегішінің құрылысы 2027 жылы басталады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Есіл контрреттегішін салу жобасын іске асыруға арналған көшпелі кеңес өткізді.

Өткен жылдың қазан айында жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Контрреттегіштің жалпы сыйымдылығы 873 млн текше метрді құрайды, ал бөгеттің ұзындығы 3,4 шақырымнан асады. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарлануда.

Контрреттегіш Есіл өзенінің төменгі ағысында тасқын сулардың қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін оларды ұстап, реттеуге мүмкіндік береді. Бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев және Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, өзен жайылмасындағы экологиялық жағдайды жақсартады. Сонымен қатар, нысан Ақмола облысындағы 25 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Нұржан Нұржігітов Есіл контрреттегішін салу жоспарланған аумаққа барып, дайындық жұмыстарының барысымен танысты.

«Бұл – су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы зор жоба. Оның ауқымы мен Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын ескере отырып, барлық жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын ұйымдастыру қажет. Есіл контрреттегіші Мемлекет басшысының тасқын суларын жинақтау және тиімді пайдалану жөніндегі тапсырмасын іске асырудағы негізгі қадамдардың бірі болады», – деп атап өтті министр.

Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Нұржан Нұржігітов сондай-ақ Жабай өзеніндегі жұмыстардың барысымен, Покров кен орнындағы жерасты су көзінен Целиноград ауданының Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейінгі су құбырының құрылысы, сондай-ақ Сандықтау ауданының Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарын сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы жұмыстарымен танысты.