
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов канадалық TELUS Agriculture & Consumer Goods компаниясының басшысы Крис Терриспен онлайн-кездесу өткізіп, онда тараптар өңірде етті мал шаруашылығын дамыту және ет кластерін қалыптастыру жобасын іске асыру перспективаларын талқылады. Кездесуге облыстың жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің өкілдері, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
«Ақмола облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі болып табылады және мал шаруашылығы мен өнімді қайта өңдеу салаларын дамытуға зор әлеуетке ие. Тәжірибе алмасу мен заманауи технологияларды тарту аграрлық саланы сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Кездесу барысында саланың қазіргі жай-күйі мен өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері туралы қосымша ақпарат ұсынылып, халықаралық озық тәжірибелер негізінде ет өнімдерін өндіру мен қайта өңдеудің тиімді жүйесін құру мәселелері талқыланды.
Пікір алмасу барысында тараптар ынтымақтастықтың ықтимал тетіктерін, инвестициялар тарту перспективаларын, заманауи технологияларды енгізу және өңір аумағында бәсекеге қабілетті ет кластерін қалыптастыру мәселелерін қарастырды.
Кездесуді қорытындылаған Марат Ахметжанов айтылған ұсыныстарды одан әрі пысықтаудың маңыздылығын атап өтіп, жауапты мемлекеттік органдарға жоспарланған бастамаларды іске асыру үшін қажетті материалдар мен іс-шараларды сапалы әзірлеуді тапсырды.