Астанада Ақмола облысының креативті жәрмеңкесі ашылды

Астанада Ақмола облысының креативті жәрмеңкесі ашылды

Елордадағы Qazaq Creative Hub алаңында Креативті индустрияларды дамыту корпоративтік қоры жүзеге асырып жатқан Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Ақмола облысының креативті жәрмеңкесі ашылды. Жоба Мемлекет басшысының креативті индустрияны қолдау жөніндегі шаралар топтамасын әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес бастау алып, жергілікті брендтерді ілгерілетуге, қолөнер өнерін дамытуға және Қазақстан өңірлерінің шығармашылық әлеуетін танытатын бірыңғай алаң қалыптастыруға бағытталған.

Жәрмеңкенің ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтары 10 түрлі алаңда өңір шеберлерінің туындыларымен, авторлық коллекцияларымен, жергілікті брендтерімен, креативті жобаларымен және стартаптарымен танысты. Қонақтар үшін этно-брошь жасау, қыш өнері, көркем құю, көрпе, жастық және құрақ құрастыру бойынша шеберлік сабақтары, сондай-ақ заманауи бейнелеу өнеріне арналған дәрістер ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылар креативті экономиканың заманауи бағыттарына да ерекше көңіл бөлді. Event-аймақта IT, digital және media-жобалар, робототехника, game development, жасанды интеллект, ішкі туризм және киберспорт салаларындағы стартаптар таныстырылды.

Бүгінде Ақмола облысында креативті индустрия саласында мыңнан астам субъект тіркелген. Өңірде зергерлік өнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, ағаш өңдеу, дизайн, fashion-индустрия, қолөнер, IT және digital-жобалар қарқынды дамып келеді.