
Көкшетау қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновпен кездесуі өтті.
Делегация шахмат ойнау, балшықпен емдеу, қолөнер, арт-терапия, вокал кабинеттерін, үстел теннисі залын, компьютер сыныбын, тұз шахтасын, тренажер залын және басқа да нысандарды аралап көрді.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша, қызығушылыққа негізделген үйірмелер мен спорттық секциялар егде жастағы қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Тәжірибе алмасу үшін басқа өңірлерден де өкілдер келіп тұрады. Жуырда қала әкімінің жүлдесіне арналған шахмат чемпионаты өткізілді.
«Бүгінде елімізде 2,5 миллион зейнеткер тұрады. Өңірлерде қарым-қатынас жасап, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға, сергектік пен жақсы көңіл күй алуға мүмкіндік беретін осындай орталықтардың ашылып жатқаны қуантады. Алайда жастарды тәрбиелеу мен отбасылық құндылықтарды қалыптастыруда сіздердің рөлдеріңіз өте маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Осы арқылы мемлекетке үлкен қолдау көрсете аласыздар», – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.
Сонымен қатар, Ардагерлер кеңесі орталық кеңесінің төрағасы Ақмола облысындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының жұмысын басқа өңірлерге үлгі етуге болатынын атап өтіп, олардың оң тәжірибесін кеңінен тарату қажеттігін айтты.
Айта кетейік, қазіргі таңда өңірде 7 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді. Жақын уақытта тағы 3 орталық ашу жоспарланып отыр.