Ақмола облысында ет кластерін дамыту жобасы әзірленеді

Ақмола облысында ет кластерін дамыту жобасы әзірленеді

Ақмола облысы әкімдігінде өңір басшысы Марат Ахметжановтың Ш. Уәлиханов атындағы университет өкілдерімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен мал шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша кездесуі өтті.

Кездесуді ашқан өңір басшысы бүгінгі күннің негізгі міндеті мал шаруашылығын дамытуға арналған жүйелі жобаны әзірлеп, кейіннен табысты тәжірибелерді кеңінен енгізу екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу тиімділігін арттыру және мал шаруашылығының әлеуетін күшейту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Өңірде 470 мың бас ірі қара мал, 692 мың бас ұсақ мал және 288 мың жылқы бар. Саланы дамытуға қосымша серпін беретін факторлардың қатарында жеңілдетілген несиелеудің қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ асыл тұқымды мал сатып алуға және жаңа мал шаруашылығы шаруашылықтарын құруға арналған арнайы қаржылық құралдар бар», – деді Марат Ахметжанов.

Қатысушылар ет кластерін қалыптастыру перспективаларын, сондай-ақ заманауи технологияларды енгізу және саланы ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ғалымдардың өзара ынтымақтастығын талқылады.

«Біздің университет 5 жоғары технологиялық зертхана құру үшін 3 млрд теңге көлемінде грант ұтып алды. Сондықтан зерттеулер жүргізуге жақсы базамыз бар және ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін зерделеу үшін жұмыс тобы құрылды», – деді Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми жұмыс және өңірмен өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры Айгүл Жақыпова.

Кеңес қорытындысы бойынша ет кластерін дамыту жобасын әзірлеумен айналысатын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.