Қосшы қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері Aqmola Invest алаңында талқыланды

Қосшы қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері Aqmola Invest алаңында талқыланды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Aqmola Invest алаңында Қосшы қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кездесу барысында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған негізгі жобалар қаралды.

Кеңесте инвестициялық аймақ құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы жергілікті шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін ірі кәсіпорындарды ашу басым бағыт болуы тиіс екенін атап өтті.

«Жергілікті шикізат пен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, сондай-ақ өңір тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашатын ірі әрі табысты өндірістерді іске қосуға басымдық беру қажет. Бұл қаланың экономикасын нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ кеңесте Қосшы қаласындағы автомобиль жолдарын салу және қайта жаңғырту жобаларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Биыл 4,5 мың метрден астам жол төсемін жаңарту, сондай-ақ оған іргелес аумақтарды абаттандыру, яғни бордюрлер, аялдамалар, тротуарлар мен көше жарығын орнату жоспарланған.

«Жол құрылысы барысында ескі асфальт қабатының астынан 60-тан астам құдық анықталды. Жалпы олардың жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Тазалау жұмыстарынан кейін олар жаңбыр және еріген қар суларын бұру үшін пайдаланылатын болады», – деді Ақмола облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков.

Кеңесте алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі де қаралды. Қазіргі уақытта қаланың орталық қазандығы мен жылу желілерінде жөндеу және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жабдықтарды орнату нысанның қуаттылығын едәуір арттырып, жылумен жабдықтаудың сенімділігін күшейтеді. Сонымен қатар ұзындығы шамамен 2 шақырым болатын жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Жауапты қызметтердің мәліметінше, барлық жоспарланған жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес орындалып жатыр және жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Қосшы қаласының одан әрі дамуы мен тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін маңызды барлық инфрақұрылымдық жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.