
Жұмыс сапары аясында Ақмола облысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай келді. Сапар барысында ол өңірдегі әлеуметтік қорғау ұйымдарының қызметімен танысып, тұрғындармен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады.
Шортанды ауданында вице-министр Жолымбет кентіндегі 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында, сондай-ақ Дамса ауылындағы қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болды. Виктория Шегай қызмет алушылардың тұрмыс жағдайымен, мекемелердің жұмысын ұйымдастыруымен, материалдық-техникалық базасымен және көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасымен танысты.
Бурабай ауданында Щучинск қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барды. Онда әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қызмет көрсету жүйесіне заманауи тәсілдерді енгізу және арнаулы әлеуметтік қызметтер саласын одан әрі жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тұрғындармен кездесу барысында Виктория Шегай халықты әлеуметтік қорғау, зейнетақымен қамсыздандыру, балалы отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды қолдау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, сондай-ақ әлеуметтік қызметтерді цифрландыру бағыттарындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы туралы айтты.
Вице-министр мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап отырғанын, зейнетақылар мен жәрдемақылардың уақытылы төленетінін атап өтті. Сонымен қатар азаматтарды әлеуметтік қолдаудың атаулылығы мен тиімділігін арттыру негізгі бағыттардың бірі болып қала беретінін жеткізді.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова өңірде халықтың мұқтаждық деңгейін төмендету, азаматтардың табысын арттыру және әлеуметтік тәуекел аймағындағы отбасыларды сүйемелдеу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Соңғы сегіз жылда атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар саны 11,5 есеге азайды – 9,9 мыңнан 860 отбасыға дейін қысқарды. Негізгі назар азаматтарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашатын инвестициялық жобаларды іске асыруға аударылып отыр», – деді Алтынай Әміренова.
Сондай-ақ облыста Отбасының цифрлық картасындағы D және Е санаттарына жататын отбасыларды сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Әлеуметтік қолдаудың атаулылығын арттыру мақсатында халықтың табысын бақылауға, тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және отбасылардың қиын өмірлік жағдайға қайта түсуінің алдын алуға бағытталған «Кедейсіз округтер» пилоттық жобасы іске қосылуда.
Азаматтарды жұмыспен қамтуға, аз қамтылған отбасыларды қолдауға, «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыруға, сондай-ақ тұрғындарды бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркеуге және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде.
«Арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдаудың атаулылығын қамтамасыз ету және халықты жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Қабылданып жатқан барлық шаралар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс», – деп атап өтті Виктория Шегай.
Жеке қабылдау барысында облыс тұрғындары зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандырумен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, мүгедектікті белгілеу және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Барлық өтініштер бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жауапты мемлекеттік органдарға көтерілген мәселелерді одан әрі сүйемелдеу жөнінде тапсырмалар берілді.