Ақмолалық студенттер егіс науқанында кәсіби тәжірибе жинақтады

Ақмолалық студенттер егіс науқанында кәсіби тәжірибе жинақтады

Зеренді ауданының Шағалалы ауылындағы Жоғары аграрлық-техникалық колледж студенттері Ақмола облысының ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында көктемгі дала жұмыстарына белсенді қатысып, кәсіби тәжірибе жинақтады.

Технологиялық тәжірибе аясында облыстың агроөнеркәсіптік кешені кәсіпорындарына үшінші және төртінші курс студенттерінен құралған 80 білім алушы жіберілді. Олардың қатарында «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша 48 студент және «Агрономия» мамандығы бойынша 32 студент бар. Тәжірибе барысында жастар колледжде алған теориялық білімдерін бекітіп, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі заманауи технологиялармен танысып, кәсіби дағдыларын тікелей жұмыс орнында жетілдіруге мүмкіндік алды.

Студенттер тәжірибеден Ақмола облысындағы жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында өтті. Олардың қатарында «Қанай Би-1» ЖШС, «Намыс» ЖШС, «Жақсылық-Агро» ЖШС, «Мәдениет» ЖШС, «Подгорное» ЖШС, «Зеренді-Астық» ЖШС, «Stepnoishimskoe GCK» ЖШС, «Кеңес» ШК, «Союз-1999» АҚ, «Көкшетау тәжірибелік өндірістік шаруашылығы» ЖШС және т.б.

Колледж директоры Арман Оспановтың айтуынша, болашақ механизаторлар егіс науқанына ауыл шаруашылығы техникаларын дайындауға, реттеу мен қызмет көрсету жұмыстарына қатысты. Ал «Агрономия» мамандығының студенттері топырақ дайындау, агротехникалық іс-шараларды жүргізу, егіс жұмыстарының сапасын бақылау және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларының сақталуын қадағалау жұмыстарына жұмылдырылды.