
Аршалы ауданының Бірсуат ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жоба «ТНС-Агро» ЖШС-нің демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ауыл тұрғындарын көптен күткен маңызды оқиғамен құттықтап, дене шынықтыру және спортпен айналысуға жағдай жасау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бұқаралық спортты дамытуға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Әсіресе, заманауи спорт инфрақұрылымының ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы маңызды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де осында көрінеді: мемлекет аграршыларға қолдау көрсетсе, олар өз кезегінде ауыл тұрғындары үшін осындай қажетті нысандар салады», – деді өңір басшысы.
Аумағы 315 шаршы метрден асатын ангар үлгісіндегі жаңа спорт нысаны бір мезетте 100 адамға дейін қабылдай алады және балалар, жастар мен ересектер үшін жүйелі түрде спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Әмбебап спорт залы мини-футбол, волейбол, баскетбол және дзюдо бойынша жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған.
«Көп жылдар бойы мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Сондықтан салауатты өмір салты мен спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын жақсы білемін. Біздің ауылда аудан мен облыстың намысын республикалық чемпионаттарда қорғап жүрген, жүлделі орындарға ие болатын жас спортшылар бар. Жаңа кешен олардың тұрақты жаттығу алаңына айналады», – деді Бірсуат ауылының тұрғыны Сәкен Үстенбеков.
Сондай-ақ елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де көңіл бөлінді. Ауылға апаратын ұзындығы 15 шақырымдық кіреберіс жол пайдалануға берілді, көше жарық шамдары жаңартылып, стадионға жарықтандыру тіректері орнатылды. Бұдан бөлек, облыс әкімі спорт кешенінің жанынан волейбол, футбол, баскетбол және воркаут алаңдарын қамтитын көпфункционалды спорт алаңын салуды тапсырды.
Айта кетейік, Бірсуат ауылында 700-ден астам адам тұрады. Оның ішінде 180-і – жастар, сондай-ақ 15 көпбалалы отбасы бар.