Ақмола облысы аграрлық әлеуетін арттыруда

Ақмола облысы аграрлық әлеуетін арттыруда

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен республикалық кеңесте өңір басшылары көктемгі дала жұмыстарын аяқтау және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін талқылады. Ақмола облысындағы егіс науқанының барысы туралы өңір әкімі Марат Ахметжанов баяндады.

«Өңірде егіс науқаны толық аяқталды. Биылғы жылы егіс алқабының көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Егіс алқаптарын әртараптандыруға ерекше назар аударылды. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі оңтайландырылып, соның есебінен майлы дақылдар алқабы 715 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Науқанның табысты өтуіне материалдық-техникалық базаның дайындығы, тұқым материалдарымен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілуі ықпал етті», – деді Марат Ахметжанов.

Сонымен қатар өңірде мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Бұған Ерейментау ауданындағы ет кластері жақсы мысал бола алады. Мұнда қалмақ тұқымды ірі қара малдың 7,5 мың басқа арналған репродукторлары мен 30 мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосу жоспарланған. Канадалық технологияларды қолдану арқылы қосымша 100 мың басқа арналған бордақылау алаңдарын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Премьер-Министр өз сөзінде бірқатар өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тапсырмалар берді. Олардың қатарында жылыжай шаруашылықтарын, бау-бақша және балық шаруашылығын жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларын іске қосу, мал өсірушілер үшін кепілдендірілген қарыздар беру, аграршыларды отандық минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету шаралары, шегірткемен күрес және су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелері бар.

«Ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік саясат тиімділік пен аграршылардың адалдық қағидаттарына негізделіп қалыптастырылады. Сонымен қатар әкімдіктер бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Мемлекет басшысы жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект жылында аграрлық өндірістің барлық кезеңдеріне – егістіктен бастап сауда сөресіне дейін цифрлық құралдарды енгізу талап етіледі. Ауылдық жерлерде жайлы өмір сүру жағдайларын жасау да маңызды. Ел бойынша Зенченко, Ералиев, Сауэр, Құрманқұлов шаруашылықтарының ауылдары сияқты мысалдар аз емес, бірақ олардың саны арта түсуі тиіс. Мемлекет олардың дамуын жан-жақты қолдап, ынталандыратын болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.