
Көкшетау қаласында дәстүрлі «Aqmola Women Congress» өңірлік форумы өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» Президиумы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің бастамасымен және «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының әйелдер қанатымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Форум жұмысына ҚР ҰКП «Атамекен» Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Юлия Кучинская, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың, қоғамдық ұйымдардың және сарапшылар ортасының өкілдері қатысты.
Қатысушылар қатарында табысты кәсіпкер әйелдер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік қызметкерлер, әйел судьялар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ бизнестегі алғашқы қадамдарын жасап, кәсіби дамуға ұмтылып жүрген әйелдер болды.
Форумға қатысушыларды құттықтаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов әйелдердің өңір экономикасын дамытудағы елеулі үлесін атап өтті.
«Әйелдердің кәсіпкерлік қызметке қатысуы ерекше маңызға ие. Облыстағы 55 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілерінің жартысын әйелдер басқарады. Олар сауда, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру және әлеуметтік кәсіпкерлік салаларында жобаларды табысты жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын құруда және өңір экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуда. Тек 2025 жылдың өзінде 86 жоба қолдау тапты, олардың жартысына жуығын әйелдер жүзеге асыруда. Әйелдердің агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы үлесі де зор, бүгінде олар шамамен 2 мың ауыл шаруашылығы кәсіпорнын басқарады», – деді Ернар Жаркешов.
Форум бағдарламасында нақты жетістік оқиғалары мен тәжірибелік кейстерге ерекше назар аударылды. Өзінің аграрлық бизнестегі жолы туралы «Агроглобал» ЖШС басшысы Ольга Липень баяндады. Оның жетекшілігіндегі компания агроөнеркәсіп секторында жобаларды табысты жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, «Буррата» ЖК басшысы Эльвира Мұқашеваның «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында жергілікті брендті дамыту тәжірибесі қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Форум қорытындысында конгресс тек өзекті мәселелер талқыланатын алаң ғана емес, сонымен қатар оларды шешудің нақты жолдары ұсынылатын маңызды диалог алаңы екені атап өтілді.
«Мұндай кездесулердің басты құндылығы – табыстың шынайы тарихтарын тыңдап, пайдалы тәжірибе алмасу және өз ісіңді дамытуға арналған жаңа мүмкіндіктерді көру. Бір залда жүздеген белсенді әрі мақсаткер әйелдер бас қосқанда, жаңа идеялар, жобалар мен серіктестіктер дүниеге келеді. Бұл кәсіпкерлік ортаның дамуына және өңір экономикасындағы әйелдердің рөлін нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек.