Aqmola Invest алаңында қонақүй бизнесін дамыту перспективалары талқыланды

Aqmola Invest алаңында қонақүй бизнесін дамыту перспективалары талқыланды

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Aqmola Invest алаңында Еуропадағы ең ірі қонақүй операторларының бірі саналатын испаниялық Barceló Hotel Group компаниясының басшылығымен кездесу өткізді.

Тараптар Щучье-Бурабай курорттық аймағының туристік әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, Щучье көлі жағалауындағы қонақүй инфрақұрылымы жобаларын іске асыру және халықаралық оператордың қатысуымен кешенді туристік шешімдерді қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Кездесудің негізгі тақырыбы Burabay Golf Club жобасын дамыту болды. Талқылауға «QazaqGaz» ҰК» АҚ және «ҚазМұнайГаз Сервис NS» АҚ өкілдері де қатысты. Ұлттық компаниялар курорттық аймақтағы ілеспе инфрақұрылымды дамытуға және бірлескен инвестициялық бастамаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытатынын жеткізді.

Barceló Hotel Group компаниясы өңірдің инвестициялық әлеуетін зерделеуге және Қазақстан нарығында қатысудың әртүрлі форматтарын, соның ішінде қонақүйді басқару моделін қарастыруға мүдделі екенін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірдегі туризм және қонақжайлылық саласындағы перспективалы жобаларды жан-жақты пысықтау жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.