
Ақмола облысы еліміздің солтүстік өңірлері арасында алғашқылардың бірі болып егіс науқанын аяқтады. Уақтылы жүргізілген дайындық жұмыстары мен кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарын агротехникалық талаптарға сай оңтайлы мерзімде толық орындады.
Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, облыстағы жалпы егіс алқабы 77 мың гектарға ұлғайып, 5,6 млн гектарға жетті. Егіс құрылымын әртараптандыруға ерекше көңіл бөлінді. Соңғы үш жылда майлы дақылдардың егіс көлемі 6 есеге артып, 715 мың гектардан асты. Мал азықтық дақылдар 166,5 мың гектар алқапқа орналастырылса, тағы 10 мың гектар жерге картоп пен көкөніс егілді.
«Егіс науқанының табысты өтуіне материалдық-техникалық базаның жүз пайыз дайын болуы ықпал етті. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тұқым материалдарымен және жеңілдетілген дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Топырақ құнарлылығын арттыру мақсатында аграршылар 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық қамтылды», – деп атап өтті басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.
Жалпы алғанда, аграршыларды қолдауға жеңілдетілген несиелеу мен субсидиялау түрінде 235 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. «Кең Дала – 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 840 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 122 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Өңірдің машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері аграршылар 789 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы аясында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 610 техника бірлігін сатып алу жөнінде келісімшарттар жасалды.
Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қосымша қолдауды «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ арқылы жүзеге асырылатын форвардтық сатып алу тетігі көрсетуде. Биыл жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеге 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушімен келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда 3,3 млрд теңге көлеміндегі 55 өтінім қаржыландырылды. Бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Егіс науқанының оңтайлы мерзімде аяқталуы мол өнім алуға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамытуға берік негіз қалайды.