Бурабай ауданында экопарк ашылды

Бурабай ауданында экопарк ашылды

Щучинск қаласында тұрғындар мен курорттық өңір қонақтарының демалысы, спортпен шұғылдануы және отбасылық уақыт өткізуі үшін заманауи қоғамдық кеңістік – «Ұмай ана» экопаркі ашылды. Бұл нысан өңірдегі маңызды демалыс орындарының біріне айналмақ.

Салтанатты ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және өңірдің туристік әлеуетін дамыту үшін заманауи әрі экологиялық бағыттағы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Экопарк Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ашылып отыр. Осындай жобаларды жүзеге асыру қолайлы қалалық ортаны қалыптастыруға, экологиялық мәдениетті нығайтуға және тұрғындардың белсенді демалуына қосымша мүмкіндік жасауға ықпал етеді. Бұл – қалаларымызды дамыту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі», – деді Марат Ахметжанов.

Жаңа экопарк абаттандырылған аумақтан тұрады. Мұнда серуендеу аллеялары, демалыс аймақтары, спорт және балалар алаңдары, оның ішінде инклюзивті алаң, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандары орналастырылған. Саябақтың атауына негіз болған басты нысан – сәбиін құшағына алған ананың мүсіндік композициясы. Қалалық жаңа кеңістікті қалыптастыру барысында табиғи ландшафты сақтау, экологиялық қауіпсіздік пен барлық жастағы келушілердің жайлылығы басты назарда болды.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтелбай Бейсенов заманауи экопарктің салынуына алғысын білдіріп, «Ұмай ана» саябағы тек жастардың ғана емес, ересек тұрғындардың да сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.

Іс-шара барысында әлеуметтік осал топтар санатындағы кезекте тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталып, спорт саласында жоғары жетістіктерге жеткен спортшылар марапатталды. Қонақтар үшін шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.